Осыған дейін Ресейдің телехикаяларын көрсетіп келген Украина телараналары енді поляктардың сериалдарын сатып алып, жұртшылық назарына ұсынатынын осы елдің Мәдениет министрі Вячеслав Кириленко мәлім етті.
Осылайша екі ел арасындағы саяси дүрдараздық мәдениет саласына да кері әсерін тигізуде. Бұл жайында журналистерге түсініктеме берген В.Кириленко: «Қазіргі таңда отандық өнімдер көрермендердің сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Сондықтан біздер кейбір телехикаяларды өзге елдерден сатып алуға мәжбүрміз. Іргедегі көршіміз Польша жыл сайын көптеген қызықты телетоптамалар түсіреді. Олардың киноөнімдері қарапайым украиндықтар үшін қызықты болуы мүмкін. Сол себепті біздер алдағы уақытта Польшадан біраз телехикаяларды сатып алмақшымыз», – деді. Осы ретте Украинаның Мәденит министрлігі Польшадан телетоптамалар сатып алумен ғана шектеліп отырған жоқ. Сонымен қатар олар Польшаның киноиндустрия саласын қаржыландырудағы озық іс-тәжірибесін де пайдалануды көздеп отыр.
5 ақпанда Украинаның Жоғарғы радасы орыс империализмін насихаттайтын кино мен телеарналардың жұмысын щектеу қоятын арнайы заң қабылдағаны белгілі.