Үкімет мойындаған мәселе: өңдеу саласы әлсіз

Самал Асқар 10 ақп. 2026 11:06

Қазақстанда экономиканы әртараптандыру үшін өңдеу саласының қазіргі өсімі жеткіліксіз, сондықтан Үкімет өнеркәсіпті жеделдетуге мәжбүр, деп хабарлайды Dala News.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібін ынталандыру шаралары туралы баяндады.

«Өңдеу өнеркәсібінің қазіргі өсім қарқыны экономиканы толық әртараптандыру үшін жеткіліксіз. Сондықтан өңдеуші кәсіпорындардың дамуын ынталандыратын жобаларды іске асырып жатырмыз», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, металлургия, машина жасау және агроөнеркәсіп кешенінде жоғары қайта өңдеу жобалары «Бәйтерек» холдингі арқылы қаржыландырылып жатыр.

«Салалық министрліктерге терең өңдеу өндірістерін алдын ала пысықтау міндеті қойылды. Жалпы, өткен жылы 200-ден астам жаңа өнеркәсіп нысаны іске қосылды, тағы сонша жоба аяқталу сатысында тұр», – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Бектенов өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тұрақты өсуі үшін ел экономикасын шикізатпен қамтамасыз ету шешуші фактор екенін айтты. Осыған байланысты геологиялық барлау жұмыстарына ерекше назар аударылады.

Оның мәлімдеуінше, 2025 жылы Қазақстанда алғаш рет 1:50 000 ауқымындағы жаңа геологиялық карта жасала бастады. Бұған дейін ел кеңестік кезеңнен қалған 1:200 000 масштабтағы деректерге сүйеніп келген.

Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жылда геологиялық барлауға мемлекет тарапынан шамамен $500 млн инвестиция салынады. Салыстыру үшін, соңғы 30 жылда бұл салаға бар болғаны $760 млн бағытталған.

«100 мың шаршы шақырым аумақта ең перспективалы учаскелер зерттеледі – сейсмикалық сынақтан бастап аэрогеофизикаға дейін. Кейін жыл сайын қосымша 30 мың шаршы шақырым қамтылады», – деді Премьер-министр.

Мұнымен қоса, салаға жеке инвестициялар да тартылып жатыр. 2023 жылдан бері геологиялық барлауға жеке сектор $500 млн-нан астам қаржы құйған.

Үкімет осылайша өңдеу өнеркәсібін күшейту үшін бір мезетте зауыт салу, шикізат базасын кеңейту және инвестициялық тәуекелді азайту бағытын таңдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove