Үкімет медициналық көмектің сапасын басқаруды жетілдіру жөніндегі 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құжат деректерге, цифрлық құралдарға, жасанды интеллект технологияларына негізделген медициналық қызмет сапасын бақылаудың және басқарудың заманауи үлгісіне көшуге бағытталған.
Жоспар медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты түрде жақсартуға, процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге және реттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жүйелі шараны жүзеге асыруды қамтиды.
Құжатта жүйені дамытудың төрт стратегиялық бағыты анықталған:
- медициналық қызмет көрсету саласындағы реттеуші құралдарды жаңғырту;
- жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, сапа сараптамасының жаңа моделін қалыптастыру және Ұлттық сапа институтын құру;
- кәсіби медициналық қоғамдастықтың рөлін күшейту;
- сапаны басқару жүйесінің цифрлық трансформациясы.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай медициналық қызметтер сапасының негізгі көрсеткіштерін жақсарту көзделіп отыр.
