Премьер-министр Олжас Бектенов "AMANAT" партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Парламентке алдағы үш жылға арналған бюджет жобасын ұсынды. Сонымен бірге ол экономиканың даму болжамын да таныстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет дерегінше, базалық сценарий сақталған жағдайда, 2025–2027 жылдар аралығында ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,3 пайыз деңгейінде болмақ.
Ал шығындарды оңтайландыру мақсатында Үкімет жалпы сомасы 8 трлн теңгеден асатын өтінімдерді қысқартып тастаған.
"Бюджет шығындарын азайту қажеттігін түсініп отырмыз. Мәселен, 2025 жылғы бюджетті қалыптастыру барысында маңызы төмен, жалпы сомасы 8 трлн теңгеге жуық өтінімдер алынып тасталды. Жалпы 34 трлн теңге көлемінде өтінім келіп түсті, соның ішінде біз 25 трлн 700 млрд теңгесін ғана қанағаттандырдық", – деді Бектенов.