***
Уайет өзінің шығармашылық сапарына акварель бояуымен шыққан кісі. (Суретші отбасында дүниеге келген Эндрю Уайетті біреулер «оқымаған суретші» дегенін құлағымыз шалғаны бар. Бекер. Жиырма жасында жасаған тұңғыш жеке көрмесінде оның акварелмен жазған картиналарын бір күнде жұрт түк қалтырмай сатып әкетпеп пе еді? Ол онсыз да «оқып туған кісі» еді ғой. Бойында әкесі, атақты иллюстратор Ньюэлл Конверс Уайеттің қаны ағып жатқан, Жаратқан Ие тағдырын шын суретші қылып жазып қойған Эндрюге оқу не керек?) Кейін, темпера дейтін ұнтақ, жұмыртқаның сары уызын араластырып барып жазылатын бояуды қалап алды да, барлық картиналарын сонымен жазып шықты. Өйткені, бәсең де бірыңғай, баяу үндестікте жазылатын бүкіл картиналарының жан дүниесін көрерменге темпера ғана жеткізе алатын еді. Суретшінің даңғазаны суқаны сүймейтін бұйығы мінезі тек темперамен ғана үйлесім тапты.
Голливуд, Манхеттен тәрізді шудан-дудан құлақ тұнған қалалардан жырақта, ауызға түсе бермейтін Мэн штатының шет, қияндағы бір Кушинг аймағында, қоныс тепкен Уайет суретші өмірі біртоғалықпен ерекше.Уайет анау жиһангез әріптесі, суретші Рокуэль Кенттей емес, нағыз үй күшіктің өзі болатын. Өмір бақи туып өскен Чеддс-Форд пен жазда барып жайлау қылатын Кушинг арасын шиырлап қана өмір кешті. «Менің бір жаққа табаным тартпайды-ей құдырет. Сапарлап кетсем-ақ, басыма әлдебір ақыл қосақтала кетіп, көргенім көбейіп кететіндей. Мұндағы уыздай ұйып, тылсым-тыныштықта жатқан монтаны қалпымнан айырылып, сурет салуға деген тұйық та тұнық пайымымды лайлап, аңғырт болмыстан айырылып қалардай қорқамын» – дейді екен күнделігіне.
Ол көктем мен жаздан гөрі күзбенен қысты сүйетін. Күз болғанда да жемісі жиналып қазан болып кеткен, жарқылсыз, жадау күзді сүйді. Қаңқа сүйегі адырайып тұрған қысты, оның әлдебір нәрсені жасырып, тереңіне бүгіп қалған жан сырына бейілі кетті.
Туған жерін, қонысын, оны мекен еткен қарапайым адамдар тұрмысын тынбай жазса – картиналарында өліммен өмір сырласып, көңілдің пернесін жайлап бір басып, көрген кісінің жайбарақат қалпын сап тиып, кеудесін әлдебір мұңмен шырмап, тұтқындап алады. Кісіні оқыс аяныш емес, сыздап, шанши, ауыра соғатын Абай жүректей бір хал меңдейді. Эндрю Уайеттің кейіпкерлері де Оралхан Бөкейдің кейіпкелері секілді, жападан жалғыз. Анабір аспаннан құс қауырсыны жауып тұрған жалғыз үйлі пейзажы, әлгібір қос тізесін құшақтап ойға батып отырған, түлкі тымақты балақай – қазақ жазушысының «Қар қызы», «Мұзтау», «Жылымық» шығармаларымен үндесіп, үйлесе кететіндей. Орал-ханның кейіпкерлері де қиыр, шалғай, Алтайдың адам аяғы сирек түсетін әлдебір бөктерінде ғұмыр кешуші еді ғой.
«Сырт көрініс – таным мен түйсіктің ішкі мазмұны» дейтін тәмсіл Уайет шығармаларына қарап және бір қайталанса керек. Көкей көзімен қарап, ішкі түйсігіне ғана сеніп, көз алдына елестете алатындығымен (өлеңдерінде әлемнің тұтастығын жырлайтын ақын Уитменнің соңын ала беріп), көкірегі көреген суретші Уайет Америка мәдениетін тағы бір биікке көтеріп шықты. Өйткені, оның кейіпкерлерінде америкалықтың ғана бет әлпеті, кейпі емес жаһан халықтарының кескін келбеті бар. Картиналарынан мұхит аттап, құрлық асып кеткен, түбі неміс, финн, шведтік тек білінеді. Өмірден қайтқан адамды қайыққа жатқызып, ағыспен бірге қоя жіберетін салқын қанды викингілер ғұрпы сезіледі. Ғұмырының талай күнін сарп етіп, неміс текті Хельга Тесторфқа аранған картинаның кез келгенінен, тіпті бір ғана адамға деп ашатын тән сұлулығы, ар-ұятпен қымтап қана, сүйгеніне ғана көрсетер жалаңаш кейпі суретші шеберханасынан шығып, әлемнің меншігіне, ортақ қазынасына айналады.
Суретке айдар таққыш қауым «мистикалық гиперреализм» деп атаған суретші әлемі расында әлдебір көзге көрінбейтін арбаушы, сиқырымен ерекше. «Теңізден соққан самал», «Түн», «Жел соғатын жақ», «Жатын бөлменің иесі», «Бұрымды қыз» сияқты картиналарына үңілсеңіз де, жүзін емес сыртын беріп, бірде айдала, бірде теңізге ұмсынып, бірде діңі қартайып-қарайып кеткен ағашқа сүйеніп ойға батып қалған жалғыз-жарым кейіпкерін көрсеңіз де таңғалу мен ұнатпаудан бөлек бір аты жоқ сезім бойды алады.
Эндрю неміс суретшісі Альбрехт Дюрер секілді жеріне жеткізе жазады. Портреттеріндегі әр бір тал шаш, пейзаждарындағы әрбір шөп тәптіштей баяндалғаны сонша – оны адам бейнеледі дегеннен гөрі аяздың терезеге салған өрнегіндей, табиғат тылсымымен салынды дегенге көбірек сенесіз. Өйткені кенеп кергендер көбінше заттың сырқы бейнесін көбірек қызықтап, «ішіне кіріп кету» мүмкіндігіне келгенде тосылып жатса, мына суретші әркім-ақ күнде көріп жүрген әлдебір бұйым, әлдебір заттан олардың көкірек көзіне шалынбаған көріністі тауып алар еді; әлгі болмашы дүниенің «ойын оқып қояр» еді; «кейіпкерінің» ішін сезер еді; образынан образ туғызар еді. Сөйтіп, көрерменін әп-сәт жуасытып, әнтек жабырқатып, таңғалтып, таңырқатып, тереңіне айдап әкетер еді.
Кім біледі, суретшінің құпиясы – өзін-өзі шектеп, баладай таза болмысын сақтап қалғанында шығар. «Критина әлемі» деп көз алдап, ол өзінің әлемін жазған шығар...
Кезінде американың символына айналған «Кристина әлемін» Эндрю Уайет отыз бір жасында жазды.
Ольсен атты шаруа отбасын жазғы үйіне көрші қылып, қоныс тебеді. Алғашқы күні үйге кірген қонақ жігітті, креслода күн жылы болса да тізесін жамылғымен жауып алып, қозғалмай отырып-ақ әңгімесін айтып, ақжарқын қалыппен қарсы алаған періште кейіптегі қыз көрінеді. «Анасы бізге шай демдеп әкелгенге дейін орнынан бір тұрмады. Дастархан жиналып, қайыр қош айтып шығып кеткенімде де қыз сол орнында қалды. Мән жайды тек ертесі ғана, үйде, кездейсоқ терезеден сыртқа көз тастап тұрғанымда білдім» – дейді суретші. Кристина полиомиелит дертінен кейін екі аяғынан сал болып жүре алмайтын еді. Біреуге масыл болғым келмейді деп, қол арбадан әдейілеп бас тартып, жиырылып-созылып, екі қолымен жерді демеп, еңбектеп емес, сүйретіліп бара жатқан кембағал қыз, кейін суретшіні әлемге мәшһүр қылатынын білген жоқ тұғын. (Ауызын айға білеп, жапонға атом бомбасын тастап, әлемді тітіретіп тұрған американың жер бауырлап жылжыған ғаріп қыз бейнеленген картинаны символ етіп алғаны бір қарағанға шетін-ақ жағдай. Алайда, Жаратқан Иеден келген талант алдында айналаға кәрін төгіп тұрған ұлы державаның қалпақ шешкен бұл қылығын түсінуге болады. Өйткені, дара, өзіндік қасиетке ғана табыну – америкалықтарды өзгелерден ерекшелеп тұратын. Дерті де даңқы да сол. Осы қасиетімен әрбір америкалық өз мәселесін өзі шеше отыра, қоғамының іргетасын бекіте түсетін. Әне, Уайетіңіз бар, Кент, Хопперіңіз бар жекелік қасиетке «ғибадат» қылып жүріп, Америка кескіндеме ғасырын тұрғызып беріп кеткен.)
Картинадан сыртын үнемі жаңбыр шайып, жел тотықтырған бір-екі, еңселі тақтай үйді бетке алып, жамбастай, қолыменен жер тірей, жаны тітірей, әлденеден үркіп, әнтек ұмсына қалған қыз бала көзге ұрар еді. Композицияның алтын қимасына орналасқан, үстінде оңа бастаған қызғылт түсті көйлегі бар, қайратты қара шашын желкесіне түйіп алған Кристина қыздың бет бейнесі бізге көрінбейді. Нәзік беліне буынып алған жіңішке қара белбеуімен өмірге деген үзілмес іңкәрлік-үмітін әйгілеп тұр. Етсіз арық қолдарымен ғана он екі мүшесі саулар шайлығып «қасқыр қоғам, сұм заман» деп қара аспан төндіріп жүрген өмір соқпағына қаймықпай «қадам басады».
Картина – қыздың кемтар екенін білмейтіндер үшін романтикалық сарын береді.Ал енді, бойжеткеннің тән кемшіні білініп қалғаннан кейін, сол сарын шерге оранып, оның қайғыға көнбеген кінаратсыз жаны өмірге деген өлердей құштарлығымен араласып, тіптен күшейіп, жалына қол тигізбей асқақтап кетеді. Шөбі орылып, орнына алшынкөк те шықпай қалған, күн жеп сарғайып кеткен төңіректі мекен қылған, Тәңірін ғана медет қыл-ған қайран қызды мүсіркеу емес, көкіректі басқа, зады бөлек әлдебір уайым келіп қабады. Биіктеп кеткен көкжиек сызығы да арғы жақты көрсетпей бүгіп, әлгі уайымды үдете түседі. Машинадан түскен, оқыс басталып, кенет жоғалаған қос соқпақ та қызды емделуден күдері үзілгене меңзеп, үміт шіркінді жалғыз-ақ асап, жоқ қылады. Орнында өзінің дара қасиетін ғана қорек қылған Кристинаның кесек рухы қалады.
Мына қаршадай қыз Толстойдың Фетке жазған «Науқас жан адами сапа жағынан дені сауға қарағанда әлдеқайда жоғары тұрады. Өйткені, олар өмірдің ізгілік құныны анағұрлым терең сезінеді. Ауырмағаннан қорық! Әсіресе науқастанып көрмеген әйелдер тағы секілді, үрейлі» дейтін хат жолдарды еске түсіре ме? Дауыстап айтпай, ымдап түсіндірмей, үнсіз ғана сездіре ме, немене?
Маған Кристина қыздың тағдыры осылай, әдейі жазылғандай көрінеді. Оның арқандаулы аттай, траекториясы тар ғұмыры, кейін, алыс-жақын миллиондардың жанарына түсіп, қырық елдің қиырына жайылып кетуі үшін арнайы жасалғанға ұқсайды. (Егер дені сау, қол-аяғы бүтін болып кезіккенінде суретші Эндрю болашақ жары, өмірі мен өнеріне шын серік, әрі хатшысы болған, әрі моделі болған, картиналарына ат қойып, өзіне ақыл қосқан Бетси Джеймспен ұшыраспай қалар ма еді. Шығармасына шексіз шабыт сыйлап, бір емес, екі жүз қырық картинаның өмірге келуіне себеп болған Хельганы таппас па еді?)
Уақытша кедергі жолына көлденең түсіп жатып алған Кристина әлемі – суретшінің де әлемі секілді. Шектеулі де таза. Көрмеге жүз мыңдаған адамның жиналу себебі де содан. Содан, картина мен көрермен табыса туысып, терең ұғысып тұрғаны.
Суретші Жеңіс Кәкенұлының желідегі жазбасы