Жамбыл облысының көкпаршылары екі жыл бұрын уәде етілген ақшалай сыйақыны әлі күнге дейін ала алмай жүр. Бұл туралы спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін Жамбыл облысының әкімі ел намысын қорғаған көкпаршыларға миллиондаған теңгенің сертификаттарын табыстаған. Алайда спортшыларға көрсетілген қаражат әлі төленбеген.
"Бұл фото осыдан екі жыл бұрын түсірілді. Астанада өткен Көшпенділер ойындарынан кейін Жамбыл облысының әкімі ел намысын қорғаған көкпаршыларға миллион теңгелік сертификат ұстаған. Әрқайсысына. Жігіттер сыйақыны әлі күнге дейін алмады. Қазір енді дәл осы спортшыларды жерден алып, жерге салып жатырмыз. Білесіздер ме? Олар 190–240 мың теңге ғана айлық алады. Сонымен отбасыларын асырайды. Ал мұндай байрақты бәсекелерде таза намыс үшін шабады. Қысқасы, уәде қашан орындалады, әкім мырза?!" – деп жазды Аслан Қаженов.
Спорт журналисі көкпаршылардың ай сайын алатын жалақысы 190–240 мың теңге шамасында екенін атап өтті. Оның сөзінше, спортшылар ірі жарыстарда қаржылай табыстан бұрын ел намысы үшін өнер көрсетеді.
Әзірге Жамбыл облысының әкімдігі спорт журналисінің жазбасына қатысты ресми түсініктеме бермеді.