Төтенше жағдайлар министрлігі «Казцинктегі» зауытындағы жарылыстың алдын ала себебін атады. Ведомство мәліметінше, оқыс оқиғаға тау-кен жұмыстарын жүргізу кезіндегі технологиялық процестің бұзылуы себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс тау-кен жұмыстарын құжаттама талаптарын бұза отырып жүргізу және өндірістік жұмыстарды ұйымдастыру деңгейінің төмен болуынан болған.
– «Казцинктегі» зауытындағы жарылыстың алдын ала себебі – тау-кен жұмыстарын құжаттама талаптарын бұза отырып жүргізу және өндірістік жұмыстарды ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыз болуы. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс технологиялық процестің бұзылуынан болды, – деді Әрінов.
Сондай-ақ министр бұл нысандарда бұған дейін де өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталғанын айтты. Оның сөзінше, анықталған кемшіліктер қатарында техникалық құрылғыларды пайдалану мерзімін ұзартуға арналған сараптамалардың болмауы, жобалық құжаттамадан ауытқулар, өндірістік бақылаудың әлсіздігі және тозған жабдықтарды уақытылы ауыстырмау бар.
ТЖМ өкілдері оқиға бойынша түпкілікті қорытынды тергеу аяқталғаннан кейін жасалатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Қазцинк кәсіпорны аумағындағы шаң жинау қондырғысында жарылыс болып, арты өртке ұласқан, кейбір жерлер ішінара опырылған. Салдарынан екі адам қаза тапты.
Қазір үйінділерді тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.