Қазақстанда ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің бет пен дене күтіміне арналған косметика желісінің жұмысы тоқтап қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Золотое яблоко” сауда желісінің Қазақстандағы онлайн-каталогынан Тина Канделакиге тиесілі “Ansaligy” косметика брендінің өнімдері жоғалып кетті. Оны Канделаки "инновациялық" деп атап келген.
Еске салайық, бұған дейін Тина Канделаки өзінің Telegram-арнасында “Қазақстанда орыс тілі ақырын ығыстырылып жатқанын” айтып, жазба жариялаған болатын. Мұнда ол қазақтарды “мәңгүртке” теңеген еді. Осы жағдайға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров тележүргізушінің Қазақстанға кіруіне тыйым салынғанын хабарлаған болатын.
Осы тұста ашуға булыққан қазақстандықтар Тина Канделакиге тиесілі компания өнімін сайттан алып тастауды талап етіп, оны сатып алмауға шақырды.Нәтижесінде ресейлік тележүргізушінің кәсібіне еліміздегі арнайы сауда алаңдарында шектеу қойылды.