Тина Канделаки қырғыз халқына қайтадан "тиісті"

Көркем Алдабергенова 22 шіл. 2024 11:50 158902

Ресейлік журналист Тина Канделаки қырғыз халқын да русофоб деп атады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бәрі жергілікті билік Бішкектегі Панфилов дивизиясының музейін бұзуынан басталған. Артынша Тина Канделаки жергілікті билік "Батыс әсерінен кеңес тарихын елден аластатып, оның орнына руссофобия пайда болғанын" айтты. 

Ресейлік журналистің мәлімдемесіне Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Дайырбек Орунбеков жауап берді. Оның сөзінше, біріншіден, музейді бұзу туралы шешім ғимараттың жағдайын мұқият талдағаннан кейін қабылданған. 

"Екіншіден, Қырғызстан - егемен мемлекет. Биліктің шешімдері халықтың мүдделеріне негізделген. Үшіншіден, Қырғызстан - орыс тілі мен мәдениеті өмірдің ажырамас бөлігі болып табылатын көпұлтты ел.

Төртіншіден, Панфилов дивизиясын ұлықтау - бұл Мәскеуді қорғағаны үшін қаза тапқан әкелеріміз бен аталарымызға деген құрмет", - дейді Орунбеков. 

Дайырбек Орунбеков Тина Канделакидің мәлімдемесі абсурд екенін атап өтті. 

"Тина Канделаки мұндай мәлімдеме жасамас бұрын біздің еліміздің тарихын біліп алуға кеңес береміз, біздің елімізге келсе, оның ойы өзгеріп, мұндай мәлімдеме жасамас еді", - дейді ол. 

Еске салайық,Канделаки бұған дейін де Қырғызстанда да орыс тілі шеттетіліп жатқанын айтып, артынша жазбасын өшіріп тастаған болатын.

Канделакидің сөзінше, Қырғызстан билігі бір жылдан бері Бішкектегі төрт ауданның атын өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр екен.


"Бішкектегі аудандарда КСРО кезінен сақталған орысша керемет атаулармен аталған: Первомайский, Октябрьский, Ленинский, Свердловский. Қырғызстандық депутаттар бұл (аудан атауларын өзгерту) "ұлттық идеологияны нығайту, сондай-ақ, тарихи дәстүрлер мен құндылықтар негізінде азаматтардың рухани-адамгершілік тәрбиесін жақсарту мақсатында" деп ұсынып отыр. Қырғызстан халқының көбі қырғыз тілінде емес, орыс тілінде сөйлесе, қайдағы идеология?! Бәрін қиындатудың не қажеті бар?" - дейді Тина Канделаки жазбасында.

Тележүргізуші жазбасында дәл осылай Украинада декоммунизация басталғанын, ол бүкіл орыс тілінен бас тарту компаниясына айналғанын айтады.

Бірақ Тина Канделаки бұл жазбасын өшіріп тастаған.

Бұған дейін Тина Канделаки Қазақстанда орыс тілі шеттетіліп жатқанын жазып, қоғамда қызу талқыға түскен болатын. 

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің бірқатар бекет атауын өзгерту туралы шешімін ресейлік тележүргізуші осылай қабылдаған. Канделаки мысал ретінде "Уральск" бекетінің атауы "Орал", ал "Узень" бекетінің атауы "Жаңаөзен" болып өзгергенін келтірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар