"Тиісті деңгейде медициналық көмек көрсетілмеген болуы мүмкін" - журналист 19 жастағы футболшының өлімі туралы

Көркем Алдабергенова 17 қаз. 2025 09:14

16 қазанда «Хан-Тәңірі» клубының 19 жастағы футболшысы Диас Төлеу ойын кезінде көз жұмды деген суық хабар тарады. Журналист Гүлбану Әбенова спортшыға тиісті деңгейде медициналық көмек көрсетілмеген болуы мүмкін деп есептейді, деп хабарлайд Dalanews.kz.

Журналист 19 жастағы Диас Төлеудің өлімі – ескерусіз қалдыруға болмайтын дабыл екенін атап өтті. 

"Біз футболдың дамуы, академиялар, жас жұлдыздар туралы жиі айтамыз. Бірақ ойыншылардың денсаулығы жайлы – үндемейміз. Жасөспірімдер жарақатпен ойнайды, шаршаған күйде жаттығады,
дене беріп тұрған ескерту белгілеріне мән бермейді", - дейді журналист. 

Тексеру бар, бірақ ол - қағаз жүзіндегі формалдылық. Ал адам ағзасы үнсіз ескерту береді, бірақ оны ешкім тыңдамайды.

"Даңқ пен марапатқа соқыр ұмтылыс. Жақында ғана 18 жастағы Шерханды аспанға көтердік - марапат, мадақ, мақтау. Ал елдегі басқа жүздеген жас футболшы енді сол даңққа жетуді армандайды. Сыйлық пен мақтау үшін, олар өз денсаулығын ұмытады, ағзаның әлсіздігін елемейді, ауруды сезсе де, үндемей шыдайды. Олжа үшін", - дейді Әбенова. 

Журналист Диас та сол соқыр ұмтылыстың құрбаны болуы мүмкін екенін айтады. Ол алаңға шыққаннан кейін тура бір сағаттан соң көз жұмды.

"Мүмкін, бұл - ағзаның соңғы шегі еді. Жаттығу кезінде де оның жағдайына ешкім мән бермеген шығар. Алдын алу жүйесі қайда? Неге спортшылар толық медициналық тексеруден өтпейді? Неге клубтар мен федерациялар олардың жағдайын бақыламайды? Неге жас ойыншылар кардиобақылаусыз, дәрігерсіз, шаршауға мән бермей жаттығады?", - дейді ол. 

Әбенованың сөзінше, Еуропада мұндай оқиғалар сирек, себебі жүйе жұмыс істейді. 

"Жауапкершілікті кім көтереді? Футбол федерациясы комиссия құрмақ. Бірақ мұндай комиссиялар әр өлімнен кейін құрылады – және жаңалықтар басылған соң бірге ұмытылады", - дейді ол. 

Журналист клубтар мен мектептер, бапкерлер мен дәрігерлер жауап беруі керек деп есептейді: 

Неге жас футболшы алаңда көз жұмды?
Оның жағдайын кім бақылап отырды?
Медициналық тексеруден өтті ме?
Жаттығу жағдайы қандай болды?

Не өзгеруі керек?
1. Толық, тұрақты медициналық тексеру мен кардиобақылау.
2. Ағзасы дайын емес ойыншыларды алаңға шығаруға тыйым.
3. Нағыз медициналық қызмет әр матчта болуы керек.
4. Бапкерлер мен клубтардың жауапкершілігін арттыру.
5. Жас спортшыларды ағзаны тыңдауға үйрету.

"Диас Төлеу футболмен өмір сүрген мыңдаған жас жігіттің бірі еді. Бірақ оның өлімі - жай ғана қайғы емес, нәтижені адам өмірінен жоғары қойған жүйенің салдары. Ешқандай кубок, ешқандай марапат, ешқандай атақ - бір адамның жүрегінен қымбат емес. Диас Төлеу енді алаңға шықпайды. Бірақ оның қазасы – спорт өмір үшін қауіпті болмауы тиіс деген шекара болуы керек. Себебі ешбір жеңіс адам өмірінен қымбат емес", - дейді журналист. 

Әбенова Диастың ата-анасына, жақындарына және командасына көңіл айтты. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар