Тұрмыстық қылмыстар 5,9 пайызға төмендеген

Dalanews 01 қар. 2017 15:40 754

Оңтүстік Қазақстан облысында тұрмыста жасалған қылмыстардың алдын алу мақсатында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Сондай-ақ, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында  акциялар ұйымдастырылды. Нәтижесінде отбасы-тұрмыстық саладағы қылмыстар 5,9 пайызға төмендеді. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуалиев мәлім етті.



Сонымен қатар, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 26,4 пайызға, ал көшеде жасалған қылмыстар 32,9 пайызға  төмендеген. Жалпы орын алған бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 12,4 пайызға, мал ұрлығы қылмыстары 18,8 пайызға кеміген.

– Жол-көлік оқиғаларын алдын алу, сондай-ақ облыс автожолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, автоапаттылық  деңгейін азайту, ауыртпашылықты төмендету мақсатында, ағымдағы жылы облыс аумағында «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Абайлаңыз балалар», «Автобус», «Мас жүргізуші-қылмыскер» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, өз жалғасын табуда, – деді Әбдіғани Тойшыұлы.



Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша,  профилактикалық шаралардың нәтижесінде облыс аумағындағы жолдарда орын алған жол көлік оқиғалары 5,9 пайызға төмендеген. Алайда облыстық және жергілікті маңызды автожолдарда болған 801 ЖКО-ның салдарынан 142 тұлға қаза тауып, 1133 тұлға әртүрлі дене жарақат алған.

Бұдан бөлек, табиғатты қорғау саласы бойынша 170 қылмыстық істер қозғалып, 624 әкімшілік құқықбұзушылық жәйттері анықталған. ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің құрылымдары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып «Табиғат», «Қызғалдақ», «Уылдырық», «Жер қойнауы» сынды алдын алу іс-шараларын ұйымдастырып келеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар