Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін құқық қорғау және түрме қызметкерлеріне қатысты азаптау және тағы басқа қатігездік оқиғаларын тексеру бойынша міндеттемелерін орындамай отыр деп айыптайды.
Бүгін жарық көрген «Тұйыққа тірелген әділет. Қазақстандағы азаптаулар үшін жазасыз қалу» деп аталатын есебінде AI жыл сайын ұйымға өздерін азаптағаны туралы жүздеген хат-хабар түсетінін мәлімдейді.
AI-ның Еуропа және Орталық Азиядағы бағдарламаларының директоры Джон Далхуисен «мемлекеттің азаптауларды тексеріп және кінәлілерді жазалауға қауқарсыздығы азаптау құрбандарын үмітсіз әрі қорланған күйде қалдыратынын» айтты. Далхуисен Қазақстандағы "азаптауларға қатысты шағымын қабылдамағандардың үстінен арыз жазудың шырғалаңына түскен" мұндай құрбандардың тек отбасына, шағын ғана құқық қорғаушылар мен адвокаттарға ғана арқа сүйей алатынын да атап өтті.