Ресейдің Түркиядағы елшісі болған Андрей Карловтың қазасына байланысты Анкарада ресейлік әйел ұсталды деп хабарлады түрік телеарнасы.
Телеарна дерегінше, Екатерина Б. есімді 33 жастағы азамат былтыр қарашадан бастап Мевлют Алтынташпен WhatsApp мессенджері арқылы араласып, Анкарадағы Ресей мәдени орталығына телефон соққан.
Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карлов 19 желтоқсанда Анкарада өнер көрмесіне сөйлеп тұрғанда ол жерге күзетші кейпінде кірген 22 жастағы Мевлют Мерт Алтынташ есімді адам оны ту сыртынан бірнеше рет атып жаралаған. Елші ұзамай жарақатынан көз жұмды. Бұрын полицияда қызмет істеген Алтынташтың өзі полициямен атыста оққа ұшқан.
Түрік полициясы бұған дейін Ресей елшісінің өліміне қатысты төрт адам тұтқындалғанын хабарлаған.