Украинаның ұрыс жүріп жатқан аумақтарынан 667 отбасы, Ахыска түріктері Түркияға қоныс тебетін болды. Түркия сыртқы істер министрлігінің көшіріп алу ұсынысын түрік мәжілісі мақұлдаған. 1992 жылы қабылданған заңға сәйкес көшіп келген Ахыска түріктерін белгілі бір аймақтарға қоныстандыру ережесі бекітілген. Министрліктен хабар шығысымен түрік баспасөзінде 667 отбасымен шектелмеу керектігін, Украинадағы барлық 8 мыңға жуық Ахыска түріктерін көшіріп алу туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Мұның бірқатар себебі сөз болды. 21 yüzyıl институтының зерттеушісі Сабыр Аскероглу өзінің мақаласында себептерін үшке бөлген. Біріншіде, Украина дағдарысы соғыс жағдайына жақын, әскерге жаппай алу жүріп жатыр. Екіншіден, Ахыска түріктері ұрыстар жүріп жатқан Донбасқа жақын Харьков, Херсон, Николаевка сияқты қалаларда тұрады. Үшіншіден, Украина дағдарысы ел экономикасына әсер етуде. Елде халықтың әл-ауқаты нашарлап, жұмыссыздық көбейіп келеді. Украина азаматтары сырт мемлекеттерге қоныс аударуда.
«Ахыска» түріктері - 1944 жылдың қараша айында Сталиннің өктемдігі кезінде Орта Азия мен Қазақстан аумағына қоныс аударылған халықтардың бірі. Олардың тарихи Отаны – қазіргі Грузияның оңтүстік-батыс аудандары саналады. Кезінде осы аудандар Осман империясының құрамына еніп, Ахыск патшалығын құраған. 1829 жылғы түрік-орыс соғысынан кейін аталмыш жерлер Ресей империясының қол астына өтіп, Ахалцих уезд атағын алған. Осы кезеңде шекара жабылып, түрік халқымен қарым қатынас үзіліп қалады. Сол уақыттан бастап “Ахыска” түріктері деп аталып, жаңа түріктер тарихы басталды. Олар өздерінің түп тамыры түрік ұлтынан тарағандықтарын мойындайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда 180 мың, Ресейде 95мың, Әзірбайжан 87 мың, Қырғызстанда 42 мың, Түркияда 76 мың, АҚШ-та 16 мың, Укрианда 8 мың Ахыска түріктері тұрады.
Назар Тұрықбайұлы