Түркістанның облыстық мәртебеге ие болуы Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты

Dalanews 30 қар. 2018 07:46 889

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы осындай пікір білдірді. 

– Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында Түркістан жайлы ерекше тоқталғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған концертте ізгілік пен жақсылыққа жол сілтеп, рухани ұстаз атанған тұлғалар жайлы толғанымдар мен өмір жолдарын музыка арқылы дәріптеу мақсат етілген. Елімізге белгілі композитор, ағайынды Әбдінұровтар кәсіби музыка мен рухани құндылыққа бай хикметтерді үндестіріп, жаңаша   жұмыс жасады. Кеш аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Түркістанға жасаған сапарлары мен рухани астана және Қожа Ахмет Ясауи мұралары мен қолжазбалары жөнінде көрме де ұйымдастырылды. Көрмеде қолжазбалармен танысқан астаналықтар сахнада түрлі аспаптар үнімен хикметтер жайлы тыңдады, – деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов Қадырұлы.

Оның айтуынша, Түркістанның рухани орталыққа және облыстық мәртебеге ие болуы Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты.

Өз заманында-ақ халықтың ерекше ілтипатына ие болып, «Әулиелер Сұлтаны» атанған, кейінгі ұрпақтың да руханият әлеміндегі бағдарын айқындауда жетекші рөл атқарған Қожа Ахмет Ясауи артына баға жетпес байлық, өшпес мұра қалдырды.


– Ауызбірлігіне сызат түспей, қандай қиын қыстау жағдайда ниет біріктіре алған қазақ халқының тұтастығы Ясауи сілтеген татулық, мейірімділік жолынан бастау алады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарының ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді» - деуі Әзіреті Сұлтанның рухани тұлғасын айқындай түседі. 

Арыстанбабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенелері – қазақтың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Ата жолын ардақтаған әулие бабаларымыз да «Хақ Расулдың сүннетін, Қожа Ахметтің міндетін – өшіре көрме жүректен!» деп біздерге аманаттайды, – деді Нұрболат Қадырұлы. 

Қожа Ахмет Ясауи жалпы түріктік мәдени және дүниетанымдық кеңістіктегі ішкі тұтастықты қалыптап, исламдық құндылықтарға негізделген философиялық-этикалық ар-ождан ілімін жүйелеген рухани тұлға.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар