Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Бұл сапар өзара құрметке, сенімге және жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген қазақ-тәжік қатынастарының дәйекті түрде нығаюына тың серпін береді. Тәжікстан – сенімді досымыз әрі уақыт тезінен өткен одақтасымыз. Екі елді ортақ тарих, мәдениет және рухани құндылықтар байланыстырады. Біз барлық деңгейде тығыз әрі өзара сенімге құрылған саяси диалог орнаттық. Бірлескен күш-жігер арқылы нағыз достық пен тілеулестік рухында ортақ келешектің негізін қалап келеміз, – деді Қазақстан Президенті тәжік еліне сапарында.
Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері аясында екі елдің мәдениетаралық байланыстарын кеңейтуді көздеп, түркістандық «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің «Jana Lep» ұжымы Худжанд қаласында өнер көрсетті.
Камоли Худжанди атындағы тәжік музыкалық драма театрында өткен концертті Сагдие облысының губернаторы Зайнура Азиме және «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің директоры Асқар Кенехан ашып беріп, екі ел ынтымағы үшін аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Концерт барысында «Jana Lep» ұжымының орындауында халық әндері «Пай-Пай», «Балапан қаз», «Алқоңыр», сондай-ақ Тәжік халық әні «Сардор» композициясы шырқалды. Сонымен қатар «Samgau» би ансамблінің мың бұралған биі мен «Alqonyr» фольклорлық ансамблінің орындауындағы күмбірлеген күй де тәжік халқынының қызығушылығын тудырды.