Мемлекет басшысының кезекті Жолдауына байланысты Түркістан облысы әкімдігінде өткен брифингте облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова Түркістан өңірінің жастары Жолдауды қолдауға дайын екендігін айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында 2019 жыл – жастар жылы деп атауды ұсынамын деді. Мұның өзі жастарға арналған үлкен қолдау. Жолдауда айтылғандай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсірудің өзі жастарға едәуір көмек болмақ. Бұл тұрғыда Түркістан өңірінің жастары Жолдауда айтылған барлық межелерді орындауға дайын, – деді Балмаржан Полатқызы.
Сонымен қатар, Президент ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуын тапсырды. Сондай-ақ, «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту қажеттігін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі