Түркістанда мемлекеттік сатып алуларға қатысты күмәнді жағдайлар тіркелді. Қаладағы сәулет және қала құрылысы бөлімі өз ғимаратын жөндеуге 84 млн теңге бөлген. Алайда оның негіздемесі бірқатар сұрақ туғызды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Goszakupturaly мәліметіне сәйкес, жөндеу жұмыстары Түркістан қаласы Байбұрт көшесі, 4-үйде орналасқан ғимаратта жүргізілмек. Аталған мекенжай – тапсырыс беруші мекеменің, яғни қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің өзі орналасқан ғимарат.
"Сатып алу тікелей келісімшарт арқылы рәсімделген. Құжатта жұмыстар "қорғалатын тұлғалардың қызметін қамтамасыз ету" мақсатында жүргізілетіні көрсетілген. Алайда нақты қандай тұлға туралы сөз болып отырғаны ашық жазылмаған", - дейді дереккөз.

Осы негіздеме қолданылған жағдайда мемлекеттік сатып алудың техникалық сипаттамасы да көпшілікке қолжетімсіз болады. Соның салдарынан сметалық құжаттарды қарау, бөлінген қаржының негізділігін бағалау немесе жұмыс құнының сәйкестігін тексеру мүмкін емес.
Тағы бір назар аударар жайт – мердігер компания үшін бұл мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі алғашқы және жалғыз келісімшарт болып отыр. Бұған дейін аталған жеткізуші мұндай тендерлерге қатыспаған.
Жалпы, кейінгі апталарда Түркістанда дәл осындай негіздемемен көптеген келісімшарт жасалғаны айтылады. Бұл тәсіл арқылы тек ғимараттар ғана емес, жолдар, көшелер мен саябақтарды жөндеу жұмыстары да рәсімделіп жатыр.
Мәселен, кейбір компаниялар бірнеше күн ішінде осындай келісімдер арқылы миллиард теңгеге жуық тапсырыс алған.
Алайда осы жобалардың ешқайсысында нақты қай "қорғалатын тұлғаның" мүддесі үшін жұмыстар жүргізіліп жатқаны көрсетілмеген.
