Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірген анаға байланысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстелде мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар министрлік тарапынан қатаң бақылауға алынған. Алайда ол заң бойынша мәліметтер әзірге құпия болатынын жеткізді.
"Бұл отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Мәселе анықталатын болады. Отбасы тарапынан Қызылорда мен Түркістан облысында тұрғанда ішкі істер органдарына ешқашан шағым түспеген. Алайда әйелдер зорлық-зомбылыққа көніп, арыз бермей жүруі де мүмкін. Сондықтан оның бәрі қылмыстық істі тергеу барысында тексеріледі" , - деді ол.
Аға инспектор қылмыстық істі тергеу барысында мұндай жайттардың бәрі соңына дейін тыңғылықты қаралатынын атап өтті. Оның мәлімдеуінше, қылмысты жасауға отбасындағы қиыншылық немесе адам мінезіндегі психикалық ауытқу себеп болады.