Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын өткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында тұрақты түрде тазалық іс-шаралары жүргізілуде. Соның ішінде қала төңірегіндегі жазық аймақтар мен төбелерді қоқыс алаңына айналдырмау мақсатында полиция және учаскелік инспекторлар күндізгі және түнгі рейдтік шараларды күшейткен болатын,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы нысандарды аралау барысында заңсыз қоқыс тасымалдаушы жүк көлігінің құрылыс қалдықтарын тасып жатқаны анықталды. Нысан басына учаскелік полиция қызметкерлері шақырылып, ҚР ӘҚБтК-нің 505 бабы бойынша 78 640 теңге айыппұл салынып, қайта қалпына келтіру шарасы қабылданды.
Жалпы жыл басынан бері қала аумағында қоғамдық орындарды ластау мен абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша 8 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, жауапты тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылды. Соның ішінде 6273 дерек қоғамдық орындарды ластауға, ал 2051 дерек абаттандыру талаптарын бұзуға қатысты тіркелген. Нәтижесінде бірқатар жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер заңсыз қоқыс төккені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көліктері айыптұраққа қойылды. Бұған қоса, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Түркістан қалалық әкімдігі мен полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан аумақтың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы кешенді бақылау шаралары жалғасады.