Түркістан төрінде сахналанған бағдарлама Еуропа мен Американың ірі қалаларында көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. Бұл іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр. Балет театры ұжымы ұлы даламызда болған түрлі оқиғаларды би тілімен баяндауды жөн көріпті.
– Қазақ халқының ұлттық биінің тамыры тереңде. Мұнда біз халқымыздың талай ғасырдан бері жалғасып жатқан көркемдік ұстанымдарын, дүниетанымын тани аламыз. Театрымызда біз осы күнге дейін сақталып келген бай мұрамызға сүйене отырып, ұлттық пластика тілін байыта түсудің тың жолдарын да іздестіруге күш салып келеміз. Менің бір байқағаным, қай биді орындасақ та, адамның тәні әлдебір ұлттық кодты сақтап тұратын қасиетке ие. Мұны сөзбен айтып жеткізу, түсіндіру мүмкін емес. Бұл табиғи түрде көрініс табатын дүние. Соның арқасында кез-келген қарапайым қимылдың өзіндік, бірегей сипаты көрініп тұрады, – дейді авторлардың бірі Айгүл Тәти.
Қазақ халқының болмыс-бітімін паш еткен қойылымда мың бұралған бишілер жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен өткен кеш жұртшылыққа асқақ рух, эстетикалық ләззат сыйлады.
Елордадан келген балет театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов
– Түркі әлемінің рухани астанасына гастрольдік сапарымыз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында өтіп отырғанына көңіл аударғым келеді. Көрермен қауым – ұлы даланың асыл мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолындағы қадамымызға оң бағасын берер деген сенімдеміз, – дей келе түркістандықтарға, Түркістандағы өзгерістерге ризашылығын білдірді.