Басқосуда алғашқы болып сөз алған Әмірхан Рахымжанов қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты көне шаһардың бірі - қасиетті Түркістан қаласында көшпелі көрме жобасын жалғастыру - үлкен маңызға ие екендігін айтты.
– Елбасымыз рухани жаңғырудың жаңа белестерін бастағаны баршамызға аян. «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі аясында Түркістан қаласында экскурсиямызды ұйымдастырып отырмыз. Осы материалдарды жинақтап, зерттеп, зерделеп, мұқият сақтап отырған жалғыз мекеме – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы. Мемлекет басшысының тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсететін бұл жоба бүкіл ел тұрғындарының назарына ұсынылып келеді. Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы қайраткерлігін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен насихаттайтын бұл көшпелі жобаның маңызы зор, – деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, көшпелі экскурсияның маңыздылығына тоқталды.
– Елбасымыздың қайраткерлік жолындағы барлық маңызды құжаттары топтастырылған бұл көрменің орны ерекше. Өскелең ұрпаққа үлкен тәлім, тағылым, жігер сыйлайтыны анық. Мұндай шараның біздің өңірде өтіп жатқандығы қуантады, – деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Елбасы кітапханасының «Тарихи таңдау» көшпелі экскурсия көрмесін тамашалауға Түркістан жұртшылығы белсене қатысты. Келушілерге Н.Ә.Назарбаевтың комсомол-металлургтен бастап, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы және ҚР Тұңғыш Президентіне дейінгі еңбек жолы жайлы баяндайтын маңызды материалдар ұсынылды. Сондай-ақ, жұртшылық назарына Президенттің сирек кездесетін бейнешежіре кадрлары мен фотосуреттер көрсетілді.
ОҚО әкімінің баспаөз қызметі