Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Президенті Б.Абдрасилов, «Сырдария» университетінің ректоры С.Дайырбеков, департамент қызметкерлері, университет ұжымы мен студенттері қатысты.
Кездесуде сөз алған Департамент басшысы Ғ.Тұрсынбаев Отанымыздың кемел болашағы жастармен байланысты екенін Елбасы ескеріп, «2019 жыл – Жастар жылы» деп жарияланғанын атап өтті.
Өз кезегінде, ашылғалы жатқан мектептің мақсаты – мемлекеттік қызметке ең мықты, білімді, білікті, патриоттық сезімі бар жастарды тарта отырып, Агенттіктің тарапынан заң аясында қолдау көрсетіле отырып, оларды мемлекеттік қызметке орналастыруға ықпал жасау.
Баяндаманың соңында Ғалым Сұлтанұлы Мемлекеттік қызмет мектебінің сапасын жоғары дәрежеде жүргізіп, өндірістік тәжірибе кезінде де жастарды сапалы білім беруде бірқатар нақты ұсыныстар енгізді.
Ал Университет Президенті Болатбек Серікбайұлы Агенттік тарапынан студенттерді қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, университет тарапынан Мемлекеттік қызмет мектебіне ең лайықты студенттер іріктелгенін атап өтті.
Мемлекеттік қызметшілер мектебінің ашылу рәсімінен кейін университет президенті мен Департамент басшысы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Dalanews» ақпарат