Түркістан облысында ветеринария саласындағы заң талаптарын бұзған тұрғындар анықталды, деп хабарлайды Dala news.
ІІМ мәліметінше, заңбұзушылықтар «Скотокрад» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тіркелген. Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережесін бұзудың 6 дерегін анықтады.
Сонымен қатар 27 тұрғын ветеринария саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейд барысында тәртіп сақшылары мал сою орындарын, мал ұстау нысандарын және қараусыз жүрген малдарды тексерді. Сондай-ақ жануарларды заңсыз тасымалдау фактілерін анықтауға ерекше назар аударылды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай тексерулер мал ұрлығының алдын алу, ветеринариялық талаптардың сақталуын бақылау және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ұйымдастырылып жатыр.
Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
