Түркістанда журналист Өмірзақ Шөкеевтен кейінгі қараусыз қалған туристік нысандардың жай-күйін көрсетті

Dalanews 04 қаз. 2025 11:33

Мемлекет басшысы туризмді дамытуды әр кез сайын алға тартып келеді. Түркістан облысы сол бастамада басты рөл атқарады деп саналған. Алайда нақты жағдай тапсырманың қағаз жүзінде қалып, іс жүзінде аяқталмаған жоба, бос жағажай, күтімсіз инфрақұрылымдар белең алып отырғанын өңір тілшісі Қожахмет Кеңесбаев видео дәлелдермен сипаттап, мәселе көтереді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Telegram-дағы Президентке хат арнасына жолданып, көтерілген өзекті мәселе Өмірзақ Шөкеевтен кейінгі Түркістан облысындағы тастаулы туристік нысандардың бүгінгі жай-күйін сипаттайды. Мәселен, 7 млрд теңгеден астам ақша бөлініп, толығымен іске қосылмаған жағажайдың өзі 2022 жылы бір маусым жұмыс істеп, одан кейін қараусыз қалған.

"Жағажай қаланың балансына өтпеген. Қазіргі уақытта осы мәселе шешімі қарастырылып жатыр. Жеке инвестор таптық. Енді ол өз жобасын әкімдікке өткізуі тиіс, сөйтіп ары қарай бұл ретте жұмыстар жүреді. Жағадай қайтадан 1-1,5 жылда қолданысқа беріліп қалады", - дейді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.

Тілшінің айтуынша, жағажайға ауық-ауық бөлінген қаражаттың есебі жоқ, яғни бөлінген ақша көп, нәтиже жоқ, ал жауаптысы анықталмаған. Мердігер компанияға бар болғаны 1 млрд теңге айыппұл салынып, жағдай сол күйі қалған. Қазір облыстық экономикалық тергеу департаменті тексеру жүргізіп жатқан көрінеді.

Сондай-ақ тілші Өмірзақ Шөкеев әкім болып тұрғанда өңірде ғасырдан астам су мұнарасы да тағы бір туристік нысан ретінде ашылғанын айтады. Қазір оның да есігінде қара құлып тұр. Қаншама қаражат жұмсалған бұл туристік нысан бүгіндері неге іске асқысыз болып қалғаны да беймәлім.

"Біз оны сенімгерлік басқаруға бергенбіз. Олар жұмысты жүргізе алмады. Енді оны басқа кәсіпкерге беріп, алда қолдану үшін тиісті жұмыстар атқарылады", - дейді қала әкімі бұл ретте.

Туристік жобалардың осындай күйіне қарап-ақ Президент тапсырмасына жүрдім-бардым қараушылық басым екенін айтпаса да аңғаруға болатын секілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар