Түркістанда «Ел ұйытқысы — ене мен келін» сайысы өтті

Dalanews 03 там. 2024 08:48 3178

Түркістан қаласында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Ене мен келін» сайысы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ұйымдастыруымен өткен шараға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданынан 6 отбасы қатысты. Сайыстың  мақсаты – еліміздегі әрбір шаңырақтың тату-тәтті, үлгілі болуын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу. Жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету.

Ұлттық салт-дәстүрімізге сай ене мен келін шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру. Анасы мен қызындай сыйласқан қатысушылар ұмыт болып бара жатқан «Құрсақ шашу» тойы, «Қазанжарыс», «Тымаққа салу», «Қырқынан шығару», «Тұмар» сияқты салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіп, сөз шеберліктерін танытып, мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Сондай-ақ шебер қолдарымен кесте тігіп, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Ұлттық нақыштағы киім үлгісімен отбасылық өнер көрсетіп, сыйластығымен ерекшеленген қатысушылар арасынан жоғары ұпаймен жүлдеге ие болғандар марапатталып, сыйлықтар табысталды. 

  Жиында сөз алған облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов бүгінгі сайыстың маңызы жоғары екенін атап, отбасының бірлігі – Отанның беріктігі екеніне тоқталды. Қазыналы қариялар мазмұнды әңгімелерінде ел боламыз десек бесігімізді түзеп, жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру қажеттігін айтып, әрбір шаңыраққа бақытты, берекелі ғұмыр тіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар