Түркістанда бір топ адамның бірнеше учаскеде дауыс берген видеосы тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Түркістан қаласының тұрғыны Несібелі Хайруллақызы бірнеше адамның әртүрлі сайлау учаскелеріне барып дауыс бергенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бір топ адам бірнеше учаскені аралап, дауыс беруге тырысқан.
«Бір адам тек бір ғана сайлау учаскесінде дауыс беруі керек. Ал бұлар үш учаскеге кіріп, карусель жасап жүр. Бұл - нағыз қылмыс», - дейді қала тұрғыны жариялаған видеода.
Кейін белсенді Құрал Сейітханұлы Facebook парақшасында Несібелі Хайруллақызын полиция қызметкерлері мазалап жатқанын жазды.
Қазіргі уақытта Түркістан облыстық полициясы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Бұл жағдайға қатысты әзірге тек "Жолаушы" ЖШС директоры Рахымжан Еркінов пікір білдірді.
"Анықталғаны, қоғамдық тасымал қызметін негізінен жеке кәсіпкерлер жүзеге асырады. Осы референдумда облыс орталығы Түркістан қаласында жеке тасымалдаушы компания өз еркімен қолдау білдіріп, қала тұрғындарының дауыс беру учаскелеріне баруына қолайлы жағдай жасау мақсатында автобустарын тегін ұсынған. Айта кету керек, референдум күні азаматтарды тасымалдау заңға қайшы емес. Бұл тұрғындардың өз конституциялық құқығын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған ұйымдастырушылық шаралардың бірі. Сонымен қатар, дауыс беру – әр азаматтың ерікті таңдауы. Жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайтындығын хабарлаймыз", - дейді Еркінов.
