Түркістан облысында резонанс тудырған оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігі жаңа мәлімет жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
“Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр. Ол кісінің әйелінің үстінен де қылмыстық іс қозғалды. Оған да қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу уақытында олардың балалары туыстарының қолында тұрып жатыр. Қазір тергеу амалдарын қадағалап отырмыз. Толық тергеу жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолданады”, – дейді ІІМ орынбасары.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Түркістан облысы Шардара ауданында қартайған әкесін баласы аяусыз соққыға жыққаны түсірілген видео тараған болатын.
Кадрдан баласы мен келіні сөйлей алмайтын, өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарияны көшеде және үй ауласында сүйреп жүргенін көруге болады. Ұлы әкесін балағаттап, жүре алмағаны үшін бірнеше рет ұрып-соққан. Соққыдан қарияның аузынан қан кеткені байқалады. Бірақ қария еш қарсылық білдірмейді, ал келіні араша түспейді.
Желіде бұл жағдай қызу талқыланып, үлкен резонанс тудырды.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Шардара ауданында әкесін қан-жоса етіп сабаған ер адамға қатысты тың дерек шыққан еді.
Әлеуметтік желіде ер адам жергілікті мешіт азаншысы болып қызмет ететіні хабарланған болатын.
Алайда Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлеповтің сөзінше, ер адам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін қызметкері емес;
"Ол мешітте ешқашан азан айтпаған және ресми діни қызмет атқармаған. Оның қызметі дін саласына қатысы жоқ, қосымша той жүргізуші (тамада)", - дейді Төлепов.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай әрекеттерді қатаң айыптайды. Сонымен бірге, ата-анаға құрмет – әрбір мұсылманның басты міндеті екенін қалың жұртшылықтың есіне салады.