Түркістан облысындағы тауда ер адам досының көз алдында жан тапсырған

Түркістан облысындағы тауда ер адам досының көз алдында жан тапсырған
ТЖМ

ТЖМ құтқарушылары теңіз деңгейінен 2400 метр биікте құтқару операциясын жүргізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Операция Төлеби ауданындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы аумағында орналасқан, теңіз деңгейінен 2400 метр биіктегі Шүнкілдек асуында өтті. Бұл оқиға туралы хабарлама ер адамнан түскен.

Ол таулы аймақта бірге болған досының денсаулығы күрт нашарлап, қайтыс болғанын хабарлаған. Өзі де жағдайы нашарлауына байланысты таудан өздігінен түсе алмай, құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болған.

Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары дереу жіберілді. Құтқару жұмыстарына ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы да жұмылдырылды. Тікұшақтың көмегімен жетуі қиын таулы аймақтан 1993 жылы туған ер адам эвакуацияланды. Оны қауіпсіз жерге жеткізгеннен кейін жедел жәрдем бригадасының дәрігерлері қарап, медициналық көмек көрсетті.

Сондай-ақ, таудан 1978 жылы туған ер адамның денесі түсірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол денсаулығы күрт нашарлауы салдарынан қайтыс болған.