Түркістан облысындағы атыс: алты адамға сот үкімі шықты

Түркістан облысындағы атыс: алты адамға сот үкімі шықты
Фото: Жетінші арна

Түркістан облысында 17 жастағы жасөспірімнің өліміне әкеп соққан атысқа байланысты алты адам сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жетінші арнаның мәліметінше, оқиға былтыр қараша айында Түлкібас ауданында болған. Бетперде киген адамдар көшеде тұрған төрт жігітке оқ жаудырған. Соның салдарынан 17 жастағы бозбала оқиға орнында көз жұмып, тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Қылмыстық іс аясында жеті адам күдікке ілінген. Олардың бірі іздеуде жүр. Қазіргі уақытта оған қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ал ұсталған алты адамның ісі сотта қаралды.

Мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Дәурен Мадалиевтің айтуынша, айыпталушылардың үшеуі оқиға орнына барып, жәбірленушілерге қарудан оқ атқан. Қалған үшеуі шабуылға қатысудан бас тартқанымен, қару қолданылатынын алдын ала білген. Соған қарамастан олар бұл туралы полицияға хабарламаған.

Сот үкімімен негізгі айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза тағайындау кезінде оның бұған дейін де қылмыс жасағаны ескерілген. Тағы екі сотталушы 18 жылға сотталды.

Қылмысты жасырды деп танылған екі адамға тиісінше үш және екі жыл түрме жазасы берілді. Ал тағы бір сотталушының бас бостандығы 2 жыл 8 айға шектелді. Кейін оған рақымшылық қолданылып, сот залынан босатылды.