Түркістан облысында жауын-шашын көлемін жасанды түрде арттыруға бағытталған пилоттық жоба басталды. Жоба Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығы мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл жобаға Түркістан облысының әкімдігі, Қазгидромет және басқа да жауапты мекемелер қатысып жатыр. Өңірді таңдау алдында мамандар 2020-2024 жылдар аралығындағы 39 метеостанцияның деректерін зерттеп, аймақтың жер бедері мен атмосфералық ерекшеліктеріне талдау жүргізген.
Технология тек жаңбыр әкелетін бұлттар қалыптасқан жағдайда қолданылады. Мамандардың айтуынша, оның әсері климатқа, ауа массаларының қозғалысына ықпал етпейді.
Қазір "Қазгидромет" атмосфераны тәулік бойы бақылап, спутник суреттері мен синоптикалық мәліметтерді талдап жатыр. Сондай-ақ, жауған жауын-шашын көлемі тіркеледі.