Түркістан облысының Отырар ауданында әйел төрт баласымен бірге із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Туыстарының айтуынша, 6 шілдеге қараған түні Ұлдананың жағдайын білуге келген анасы мен енесі үйден әйелді де, балаларды да таппаған. Оның күйеуі сол уақытта вахталық жұмыста болған.
Жақындары бастапқыда әйел балаларымен таныстарының үйіне кеткен шығар деп ойлап, келесі күнге дейін күткен. Алайда хабар болмаған соң полицияға арыз берген.
"Ешкімге зияны жоқ. Аңқаулығын пайдаланып, біреулер алдап кетті ме деп алаңдаймыз", – деген туыстары.
Гүлмира Әбіқай бес адамның бірнеше күн бойы табылмауына алаңдаушылық білдіріп, полицияны іздеу жұмыстарын күшейтуге шақырды.
"Төрт баласымен жүрген әйел көпшіліктің көзіне бірден түсуі керек еді. Алайда алты күннен бері оларды көргенін айтқан адам жоқ. Барлығы аман болса екен", – деп жазды ол.