Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Алпамыс батыр ауылындағы Бейімбет Майлин атындағы мектептің мұғалімдерінен жөндеу жұмыстарына қаржы жиналғаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәселені заңгер әрі журналист Ләззат Асанова көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның жазуынша, мектеп қызметкерлерінен күрделі жөндеу жұмыстарының сметасын әзірлеу үшін бастапқыда 400 мың теңге жиналған. Кейін қаражат жеткіліксіз деген себеппен тағы 800 мың теңге алынған. Осылайша, жиналған жалпы сома 1,2 млн теңгеге жеткен.
"Сметаға ақша жинау керек болған соң, жинап бердік", - дейді мұғалімдердің бірі.
Ал Келес аудандық білім бөлімі мұндай тапсырма бермегенін мәлімдеген. Осыған байланысты Ләззат Асанова қаражат жинауға кім бастамашы болғанын, ақшаның кімге беріліп, қайда жұмсалғанын анықтауды талап етті.
"Егер бұл ақпарат рас болса, қаражатты жинауға кім тапсырма берді? Ақша кімге өткізілді? Қайда жұмсалды? Қаржылық есебі бар ма?", - деп жазды ол.
Жазбада мектептің материалдық-техникалық жағдайына қатысты да мәселе көтерілген. Ұстаздардың сөзінше, жоғары сынып оқушылары білім алатын кейбір кабинеттер талапқа сай жабдықталмаған, заманауи құралдар жеткіліксіз.
Ләззат Асанова мемлекеттік мектептің жөндеу шығындарын мұғалімдер өз қалтасынан төлеуге міндетті емес екенін атап өтті. Ол 1,2 млн теңге жинау туралы ақпаратты ресми түрде тексеріп, мектеп жөндеуіне бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін және оның қалай жұмсалғанын қоғамға ашық көрсетуді сұрады.
"Бұл – бір мектептің ғана мәселесі емес. Бұл – білім саласындағы қаржылық тәртіп пен жауапкершілік мәселесі. Құзырлы органдар нақты жауап берсін: Бейімбет Майлин мектебін мемлекет қаржыландырып отыр ма, әлде ұстаздардың қалтасы ма?", - деді заңгер.
Әзірге мектеп әкімшілігі мен құзырлы органдар аталған мәлімдемеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.