Журналист, заңгер Ләззат Асанова Түркістан облысы Түлкібас ауданында автотұрақ жұмысына бөлінген 47 млн теңгенің қалай жұмсалғанын ашық жариялауды талап етті. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Асанованың мәліметінше, қаражат Түлкібас аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы автотұраққа қатысты жұмыстарды жүргізуге қарастырылған. Алайда оның нақты қандай жұмыстарға және қалай жұмсалғаны жөнінде сұрақтар туындаған.
Журналист мәселенің мән-жайын анықтау үшін аталған бөлімге арнайы барғанын айтады. Алайда бөлім басшысын жұмыс орнынан кездестіре алмаған. Ал мекеме өкілінен мердігер, орындалған жұмыстар және бюджет қаражаты жөнінде нақты жауап ала алмағанын мәлімдеді.
"47 миллион теңге – аз қаражат емес. Сондықтан бірнеше қарапайым сұраққа жауап берілуі тиіс: мердігер кім, сметада қандай жұмыстар көзделген, нақты қандай жұмыс атқарылды, қабылдау актілеріне кімдер қол қойды? Автотұрақтың құқықтық мәртебесі қандай және оның ақылы немесе тегін болуы қай құжатпен белгіленген?", - деп жазды Ләззат Асанова.
Оның айтуынша, бұл бір журналистің жеке қызығушылығына қатысты мәселе емес, бюджет қаражатының ашықтығына байланысты қоғамдық сауал. Заңгер мемлекеттік орган халық қаржысының жұмсалуы туралы заңда белгіленген тәртіппен ақпарат беруге міндетті екенін атап өтті.
Осыған байланысты ол Түлкібас ауданының әкімдігі мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен 47 млн теңгеге қатысты сметаны, мемлекеттік сатып алу құжаттарын, мердігер туралы мәліметті, орындалған жұмыстар мен оларды қабылдау актілерін ашық жариялауды сұрады.
"Халықтың ақшасына жұмсалған әр теңгенің есебі болуы керек. Қоғам нақты әрі құжатпен расталған жауап күтеді", - деді журналист.