Түркістан облысынан тұрғындар жаппай көшіп жатыр

Түркістан облысынан тұрғындар жаппай көшіп жатыр
Фото: ulysmedia.kz

Қазақстанда өңірлерден ірі қалаларға көшу үрдісі күшейіп келеді. Бұған дейін халқы ең жылдам өсіп жатқан аймақтардың бірі саналған Түркістан облысы биыл алғаш рет көші-қон есебінен тұрғындар санын жоғалтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Finprom.kz дерегінше, жыл басынан бері Түркістан облысының халқы 2 388 адамға азайған. Бұл туу көрсеткішінің төмендеуінен емес, тұрғындардың басқа өңірлерге қоныс аударуынан болып отыр. Өйткені Түркістан облысы табиғи өсім деңгейі бойынша әлі де елдегі алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі саналады.

Алайда төрт айдың ішінде 13 мыңнан астам тұрғын облыстан басқа өңірлерге қоныс аударған.

Осыған ұқсас жағдай Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жетісу және Ұлытау облыстарында да байқалған.

Сонымен қатар қазақстандықтардың басым бөлігі ірі қалаларға қоныс аударуды жөн көреді. Осы тұрғыда Астана көш басында тұр. Жылдың алғашқы төрт айында елорда халқы шамамен 30 мың адамға көбейген. Алматы мен Шымкент те халық көп қоныстанып жатқан қалалардың қатарында.