Түркістан облысының аумағында орналасқан елді мекендерді жоғары жылдамдықты үй жағдайындағы интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы саладағы жұмыстар мен мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Біз тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және ауылдардың әлеуетін арттыру үшін бар мүмкіндікті қарастыруымыз керек. Әсіресе ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту қажет. Бұл экономикалық, білім беру, медициналық және ғылыми салалардың дамуына елеулі ықпал етеді деп санаймын. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерде байланыс желілерін бірден орнатуды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. Ол өңірді ғаламтормен қамту бағытындағы жұмыстар мен мәселелерді атап өтті.
Өңірдегі жалпы 807 елді мекеннің қазіргі таңда 415-і жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Оның ішінде 305-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасымен жүзеге асты. «Қазақтелеком» тарапынан 177-сіне және «Транстелеком» тарапынан 128-іне оптика жүргізілген. Облыста интернет жылдамдығын арттыру, елді мекендер мен білім ұяларын сапалы ғаламтормен қамту жұмыстары жалғасады.