Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтау және жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шара өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен Сауран ауданы аумағындағы Құрсай өзенінің бойында құм мен қиыршық тас қоспасын (ПҚҚ) заңсыз өндіру фактісі анықталған. Бұл әрекет жер қойнауының табиғи тұтастығын бұзған.
Прокуратура өкілдері атап өткендей, ПҚҚ-ны заңсыз өндіру тұрғындар тарапынан жиі шағым тудырып, өңірдің экологиялық жағдайына және қоғамдық-саяси тұрақтылығына кері әсер етуде.
Тексеру қорытындысы бойынша Шаға ауылдық округінің әкімі тәртіп бұзғаны үшін қызметінен босатылды. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары мен бірқатар полиция қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетсек, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданындағы "Кенқарын" учаскесінде алтынды заңсыз өндіру дерегі де анықталған еді. Күдіктілер екі жыл бойы лицензиясыз жұмыс істеп, өзеннің табиғи арнасын өз беттерінше өзгерткен. Табиғатқа келтірілген залал мөлшері 82 миллион теңгеден асқан.
