Адами әлеуетті дамыту басқармасының облыстық «Жас туристер станциясы» ұйымдастырған басқосуға аудан, қалалардағы жас туристер станцияларының басшылары мен мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірімізде балалар және жасөспірімдер туризмін дамыту, экология бағытында жұмыстарды жандандыруда аудандармен бірлесіп жұмыс атқару. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезіндегі көрсетілетін іс-тәжірибемен алмасу, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру.
– Біздің мамандарымызды Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері меморандум негізінде тәжірибеден өткізді. Нәтижесінде, мұғалімдеріміздің қадағалауымен лагерь аумағында үздік деп танылған «Жас құтқарушылар» тобының оқушылары шеберлік сыныбын ұйымдастырды, – деді облыстық «Жас туристер станциясы» КММ директоры Сәуле Өмірсерікқызы.
Семинарда «Жер – біздің ортақ үйіміз» тақырыбы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлзия Қарсыбай жемқорлықтың алдын алу бойынша баяндама жасады.
Бекітілген іс-шара жоспарына сай семинарға қатысушылар Біркөлік шатқалына жорыққа шықты. Таудағы саяхатта қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, сақтық шараларының алғышарттары көрсетілді.