Түркістан: «Нұротандықтар» жұмысшылардың құқығын қорғау мәселесін көтерді

Dalanews 04 жел. 2020 10:52 796

Бүгін Түркістан облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы  өңіріміздегі кәсіподақтар  активінің мүшелерімен кездесті. Отырыс барысында өңір азаматтарының еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғалу жайы талқыланды.

Азаматтардың еңбек құқықтары туралы Түркістан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысы Берік Ибадуллаев баяндама жасады. Оның айтуынша,  биылғы жылдың 11 айында басқарма тарапынан 925 азаматтың арыз-шағымы қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілген. Осы арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 247 тексеру жүргізіліп, 260 заңбұзушылық анықталыпты. Анықталған заң бұзушылықтардың ішінде 247-сі  жойылып,  заңға сәйкестендірілген. Сондай-ақ еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша      2 598 660  теңге көлемінде 41 айыппұл салынған. Оның ішінде «ескерту» түрінде 17 әкімшілік іс қозғалыпты.

«Биыл қаңтар-қараша айларында облыс мекемелері мен кәсіпорындарында жалақыны заңмен белгіленген мерзімнен кешіктіріп төлеген 6 жағдай анықталды. Осыған байланысты жұмыс берушілерге нұсқамалар беріліп, 553 695 теңге көлемінде 6 әкімшілік айыппұл салынды.  Бүгінгі таңда 2019 жылдан қордаланған және өтпелі жалақы қарызы бар 2 кәсіпорында 21 жұмыскер алдында 41,5 млн. теңге жалақы қарызы қалып отыр», – деді Берік Серікбайұлы.

Облыс кәсіпорындарында 2020 жылдың 11 айында 53 жазатайым оқиға болып, 76  адам зардап шеккен.

Отырыс барысында басқарма басшысына сауалдар қойылып, нақты жауаптар алынды. Өз кезегінде сөз алған облыстық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Қайнар Абасов пен «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Мұрат Төлтебаев азаматтардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғалу жайы жөнінде өз  ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, пандемия кезінде жаппай жұмыссыздықты болдырмау, жұмысшылардың құқықтары мен еңбек шарттарының бұзылмауын қадағалау, қоғамдық жұмыспен қамтуға бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуына маниторинг жүргізу  қажеттігіне тоқталды.

Мәжілісті қорытқан «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға жалақысын ала алмай жүрген азаматтардың өтінішін дер кезінде қарауға мән беруге шақырды.

«Пандемия кезеңінде қаншама өңір тұрғындары табыссыз қалды. Осыны ескере отырып, биыл партияның «Біргеміз» қоры арқылы Түркістан, Кентау қалалары мен облыс аудандарының әлеуметтік аз қамтылған 38 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.  Дегенмен бұл қолдаулар әлі де болса, жеткіліксіз екені даусыз. Сондықтан еңбек инспекциясы мен әлеуметтік салаға жауапты басқарма жұмыссыз қалған әрбір тұрғынның арыз-шағымдарын дер кезінде қарап, қолдау білдіруі тиіс»,– деді.

Жиын соңында жарыссөзге шыққандар еңбек құқығын қорғау мақсатында барлық мекемелерде кәсіподақ құру, оны міндеттеу қажеттігін де көтерді.  Мәселен кейбір құрылыс жұмыстарында кәсіподақтар құрылмаған. Алдағы уақытта партия филиалы мен депутаттық фракция тарапынан тиісті топтар құрылып, бұл бағыттағы мәселелер назарда болады.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалының баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар