Түркиялық TAV Airports Алматы әуежайын толықтай өз бақылауына алады

Түркиялық TAV Airports Алматы әуежайын толықтай өз бақылауына алады
Сурет: Zakon.kz

Түркияның TAV Airports компаниясы Алматы халықаралық әуежайындағы соңғы 15 пайыздық үлесті 133 миллион АҚШ долларына сатып алмақ. Осы мәміле аяқталғаннан кейін компания әуежайды толықтай өз бақылауына алады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компанияның инвесторларға жолдаған мәліметіне сәйкес, бұрын әуежайдың 15 пайыз үлесіне иелік еткен KIF Warehouses Coöperatief U.A. өз үлесін сатуға шешім қабылдаған. Осыған байланысты TAV Airports аталған үлесті сатып алу туралы келісім жасаған.

Компания өкілдерінің айтуынша, Алматы әуежайы жолаушылар ағыны мен операциялық көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді. Сондай-ақ ол Орталық Азиядағы маңызды әуе хабтарының бірі ретінде өз позициясын нығайтып жатыр.

Мәміле құны 133 миллион АҚШ долларын құрайды. Келісім толық аяқталғаннан кейін TAV Airports Алматы халықаралық әуежайының жалғыз иесі болады.

Еске салсақ, Алматы әуежайы 2011 жылы Тимур Құлыбаевқа қатысы бар құрылымдардың иелігіне өткен. Ал 2021 жылы оны TAV Airports пен Kazakhstan Infrastructure Fund бірлесіп сатып алды. Бастапқыда мәміле құны 415 миллион доллар деп жарияланғанымен, пандемияға байланысты тараптар бағаны 365 миллион долларға дейін төмендеткен. Келісім шартында жолаушылар саны қалпына келген жағдайда қосымша төлем қарастырылған еді.