Түркия қазағы, әнші, ақын әрі композитор Бешір Ахмет Көсе дүниеден өтті. Қаралы хабарды журналист Ержан Төлек жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Бешір Ахмет Көсе Түркиядағы қазақ қауымының көрнекті өкілдерінің бірі болған. Ол қазақ мәдениетін түркі әлеміне танытуға елеулі үлес қосып, Ыстанбұлға барған қазақстандық өнер адамдары мен сол елде білім алған қазақ жастарына үнемі қолдау көрсеткен.
Журналист марқұмның адамгершілігі мен шығармашылық болмысын ерекше атап өтті.
"Бәшір ағамыз Түркиядағы қазақтардың жарқын өкілінің бірі еді. Жүрегі кең, баладай аңқылдаған таза адам болатын. Түркі әлеміне Қазақ мәдениетінің дәріптелуіне теңдессіз үлес қосты", – деп жазды ол.
Сондай-ақ Ержан Төлек Бешір Ахмет Көсенің үйінде қонақ болып, оның әңгімелері мен әндерін талай рет тыңдағанын еске алды.
"Өмірін өнерге айналдырған Бәшір аға да бұ дүниені тәрк етіпті. Сіз салған әндер мен жарқын бейнеңіз мәңгі жүрегімізде. Түркиядағы қазақ жұртына, ағаның әулетіне қайғыра көңіл айтамын", – делінген жазбада.
Бешір Ахмет Көсе 1955 жылы Түркияның Салихли қаласында дүниеге келген. Оның "Алтай тауым", "Көктем", "Жалғыз көңілім" секілді әндері көпшілікке белгілі.