Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезіндегі лаңкестер туралы сұраққа жауап берген Бас прокурор сол күндері түрлі ақпарат түскенін, сол ақпараттардың ішінде террористер саны 20 мыңға жуық екені айтылғанын атап өтті.
"Құқық бұзушылардың әрекетінен ол күндері бұл шынымен де солай болып көрінді, соның ішінде халықтан да шетелдік қылмыскерлер туралы, арасында қырғыз, өзбек тілдерінде сөйлейтіндер бар деген ақпарат түсті. Шабуыл жасаушылардың барлығы қоғамға террорист болып сезілді...", - деді Берік Асылов.
Оның айтуынша, қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде кім террорист, кім террорист емес екенін анықтау қиынға соққан.
"Сіздерге айтарым, лаңкестік әрекет жасаған адамдардың бәрі лаңкес болып саналады. Оның сақал қойып немесе автоматпен жүгіруі шарт емес. Бірден айтамын, террористер ресми түрде террорист екенін мәлімдеген жоқ. Олардың қиратқан, өртеген, әкімдікті басып алған барлық әрекетін біз лаңкестік әрекет деп санаймыз және оларды террористер деп есептейміз", - деді Берік Асылов.
2022 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының бұрынғы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматыға 20 мыңға жуық лаңкес келгенін хабарлады.