Белгілі актер, ұстаз Тұңғышбай Жаманқұлов Байқоңыр өңірінің бұрынғы атауына қатысты естіген дерек өзіне ерекше әсер еткенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер қайраткерінің сөзінше, ол жақында Байқоңыр аймағының ертедегі тарихи атауы туралы білген. Актер бұл мекен бұрын «Жеркіндік» деп аталғанын жеткізді.
«Жақында Байқоңырдың ел болып тұрған кездегі алғашқы атауын естідім. Төбе шашым тік тұрды. Бұрынғы атауы – Жеркіндік екен. Дәл сол жерден бүгінде адамзат ғарышқа самғап жатыр», – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Актердің айтуынша, «Жеркіндік» атауының мәні терең. Ол бұл сөздің астарында қазақ халқының кең дүниетанымы, еркіндікке ұмтылған рухы мен көрегендігі жатқанын атап өтті.
Тұңғышбай Жаманқұловтың бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушылары өнер иесінің ойына қолдау білдіріп, көне атаудың мағынасы ерекше екенін жазды.
Пікір қалдырғандар арасында «мұндай ойларды тыңдай бергің келеді», «Жеркіндік – мағынасы терең әрі әдемі атау», «бабаларымыздың даналығы таңғалдырады» деген пікірлер болды.