Жаңа әкімді аудан активіне облыс әкімі таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Алдағы уақытта жүзеге асыруды қажет ететін бірқатар маңызды жобаларға бағыт берді.
Түлкібас ауданының әкімі қызметін үш жыл атқарып келген Байғұт Нұрлан Мархабатұлы қызметінен босатылды.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті әкімдерге қазіргі заман талабына сай жаңа талаптар қоюда. Оның бастысы – тұрғындардың сұрақтарын сапалы, уақтылы шешу. Әкімдер жаңа форматта, тұрғындармен тікелей байланыста жұмыс істеуі керек.
Өздеріңіз білесіздер, жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңес өтіп, Президентіміз даму бағыттарын айқындады. Осы бағыттағы жұмыстарға күш саламыз.
Түлкібас – облысымыздағы әлеуеті жоғары аудандарының бірі. Аудандағы елді мекендердің басым бөлігі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жаңадан тағайындалған аудан әкіміне ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша нақты жоспар әзірлеуді, инвестиция тартып, жаңа өндіріс орындарын ашуды, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуді, өндірілетін өнім көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуді, туризм индустриясын дамытуды тапсырамын.
Басты мақсат – ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Ауыл, елді мекендеріміз жайлы, қауіпсіз әрі таза болуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Нұржан Ізтілеуов 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Білімі жоғары.
Оңтүстік Қазақстан техникалық университетін халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Халық Жинақ Банкінің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында бастап, Жамбыл облыстық филиалында бөлім бастығы және Түлкібас, Мақтаарал аудандық филиалдарының бастығы болған. Сонымен қатар «Экспресс Банк», «АТФ Банк» акционерлік қоғамдарының Шымкент қаласындағы филиалдарында басшылық қызметтер атқарған.
Түлкібас ауданы, Кемербастау ауылдық округінің әкімі және алты жыл Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Түркістан облысының білім басқармасы басшысының орынбасары болған.
2020-шы жылдан бүгінгі күнге дейін Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарды.