«Теңізшевройл» компаниясы үш айлық үзілістен кейін Грузияның Батуми порты арқылы мұнай экспортын қайта бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters агенттігінің екі дереккөзіне сүйенсек, экспорт Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай жөнелту уақытша тоқтағаннан кейін қайта жанданған.
Дереккөздердің бірінің мәліметінше, Теңіз кен орнынан өндірілген шамамен 20 мың тонна мұнай теміржол арқылы Батуми портына жеткізіліп, кейін танкерлерге тиеліп, Қара теңіз арқылы Түркия бағытына жөнелтілген.
Ал «Теңізшевройл» компаниясы бұл ақпаратқа қатысты коммерциялық қызметіне байланысты түсініктеме беруден бас тартты.
Еске салсақ, 30 шілдеде Каспий құбыр консорциумы терминалы маңында дрон шабуылынан кейін ТШО мұнайын тасымалдаған танкерде өрт шыққаны хабарланған болатын. Кейін Қазақстанның Энергетика министрлігі жағдайға қатысты пікір білдіріп, шабуыл салдарынан мұнай төгілмегенін мәлімдеген еді.