Әнші Ерке Есмахан АҚШ-қа берілген визаның мерзімі тым қысқа болғандықтан, жоспарланған концерттер кейінге шегерілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Ақпанның 5-і күні визаға өтініш бердік. Бүгін құжаттарымызды қолымызға алдық, бірақ АҚШ-та болуға берілген уақыт бар болғаны екі күн. Күйеуімнің де визасы дәл сондай. Біздің концерттерге мүлдем сай емес. Білікті мамандармен ақылдасып, шешімге келдік. Әрине, визадағы датамен барып, АҚШ-та қалуға болады. Бірақ жаңа президенттің тапсырмасымен бұл жағдай қатаң бақылауда тұр. Сондықтан ұйымдастырушыларға айтып, концерттерді кейінге қалдырдық”, – деп жазды Ерке Есмахан.
Әнші Америкаға бұған дейін де бірнеше рет бара алмай қалғанын атап өтті.
“Исламға аяғым ауыр кезде виза мәселесі туындап, Райм өзі барып концерт қойды. Кейін тағы бір мәрте виза ала алмадық. Енді міне, үшінші рет жол түспеді. Бір жағынан, бұл да қайыр шығар. Қазіргі жағдайымды ескерсек, 20 сағаттық ұшақ сапары да оңай емес. Сол себепті сабырға келіп, жағдайды уайымдамай қабылдадым”, – деп бөлісті ол.