АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин арасындағы кездесу әлемдік экономика үшін маңызды оқиғалардың біріне айналуы мүмкін. Экономист, R-Finance сарапшысы Арман Байғанов бұл келіссөздер жаһандық нарықтағы тарифтік қысымды азайтып, шикізат бағасының өсуіне ықпал етуі мүмкін екенін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының пікірінше, мұндай жоғары деңгейдегі кездесу әдетте алдын ала дайындалған нақты келісімдерге негізделеді.
“Кездесудің өзі – екі ел әкімшілігі белгілі бір жұмыс жобасына келгенін көрсетеді. Ал ресми жүздесу – алдын ала келісілген негізгі мәселелерді талқылап, ортақ шешімдерді ресми түрде бекіту процесі”, – деді ол.
Сауда соғысы бәсеңдеуі мүмкін
Арман Байғанов кейінгі жылдары АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтік текетірес әлемдік экономикаға елеулі қысым түсіргенін атап өтті. Оның айтуынша, егер тараптар өзара тарифтерді төмендетуге немесе сауда шектеулерін азайтуға келісе алса, бұл жаһандық экономика үшін оң сигнал болмақ.
“Егер бұрынғыдай өзара тарифтер азайса немесе сауда соғысы бәсеңдесе, бұл әлемдік экономикаға үлкен импульс береді”, – дейді экономист.
Оның пікірінше, мұндай қадам қор нарықтарына да әсер етуі мүмкін. Бұған дейін әлемдік көшбасшылар арасындағы ірі келіссөздер халықаралық активтердің қымбаттауына ықпал еткен.
Мұнай мен шикізат бағасына әсері
Сарапшы АҚШ пен Қытай экономикасының белсенді дамуы мұнай мен өзге де шикізат ресурстарына сұранысты арттыруы ықтимал екенін айтты.
“Екі ел экономикасы жақсы дамыса, тұтыну көлемі де өседі. Соған сәйкес мұнайға сұраныс артып, шикізат бағасы көтерілуі мүмкін”, – деді Байғанов.
Ол мұнайдан бөлек мыс, алюминий, уран секілді ресурстардың да бағасы өсетінін жеткізді.
Сонымен бірге экономист криптовалюта нарығы да қор нарығымен қатар қозғалысқа түсетінін атап өтті.
“Криптовалюта нарығы да қор нарығындағы өзгерістерге тәуелді. Сондықтан АҚШ пен Қытай келісімге келсе, бұл криптовалюта бағасына да оң әсер етеді”, – дейді сарапшы.
Қазақстан үшін қандай пайда бар?
Арман Байғанов АҚШ–Қытай қарым-қатынасының жақсаруы Қазақстан экономикасына да жанама түрде әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан Қытаймен шекаралас ел болғандықтан, Қытай экономикасының жандануы қазақ экспорты үшін тиімді.
“Қазақстан – шикізат экспорттайтын мемлекет. Мұнай, уран, мыс, алюминий сияқты өнімдерге сұраныс артса, бұл біздің экономикаға да қосымша валюталық түсім әкеледі”, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, мемлекеттік бюджет кірісінің едәуір бөлігі шикізат секторына тәуелді болғандықтан, әлемдік бағаның өсуі ел экономикасына оң ықпал етеді.
Келісім болмаса не болады?
Экономист келіссөздер нәтиже бермесе немесе керісінше жаңа тарифтік шектеулер енгізілсе, бұл жаһандық экономика үшін қауіп тудыруы мүмкін екенін ескертті.
“Егер өзара айыптаулар күшейіп, жаңа сауда баждары енгізілсе, бұл әлемдік экономиканың баяулауына, тіпті рецессияға алып келуі мүмкін”, – деді Байғанов.
Соған қарамастан, сарапшы қазіргі жағдайда АҚШ пен Қытай үшін де экономикалық шиеленістің тереңдеуі тиімсіз екенін айтты.
“Егер үлкен келіспеушіліктер болғанда, бұл кездесу мүлде өтпес еді”, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай астанасы Бейжіңге барғаны туралы жазған едік. Ақ үй басшысын әуежайда Қытайдың ресми өкілдері салтанатты түрде қарсы алған.
Кадрларда Трамптың ұшақтан түсіп, қытайлық шенеуніктермен қол алысып жатқанын көруге болады. Әуежай маңына Қытай мен АҚШ тулары ілініп, әскери құрмет қарауылы қойылған.
Бейжіңге Трамппен бірге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және президенттің ұлы Эрик Трамптың жұбайы Лара Трамп та барған.
АҚШ президентінің мемлекеттік сапары 15 мамырға дейін жалғасады. Негізгі ресми кездесулер мен іс-шаралар бүгін өтеді деп жоспарланған.