Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлеу тәртібі бекітілді

Қаракөз Амантай 02 қаз. 2025 15:42

11 қазаннан бастап елімізде табиғи төтенше жағдайлардан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдерінің мүліктік шығындарын өтеудің жаңа ережелері қолданысқа енгізіледі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр 26 қыркүйекте тиісті бұйрыққа қол қойған.

Министрліктің дерегінше, құжатта өңірлік комиссиялардың жұмысы нақты регламенттелген. Атап айтқанда, олар зардап шеккен кәсіпкерлерді есепке алады, өтініштерді қабылдайды, төлем сомасын белгілейді және тізімдер жасайды. Даулы жағдайларда іс қосымша сараптамаға жіберіледі.

Комиссиялар ғимараттар, автокөлік, жабдықтар, қоймадағы тауарлар мен материалдар шығындарын, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстарына кеткен шығындарды өтейді. Егер мүлік сақтандырылған болса, өтемақы қарастырылмайды.

10 млн теңгеге дейінгі шығындар (тауарлар мен материалдар бойынша) – мемлекеттік кірістер органдарының деректеріне сүйене отырып, кәсіпкердің орташа айлық айналымы немесе кірісі негізінде есептеледі. Егер кәсіпкер ұсынылған сомаға келіспесе, ол шешімді сот-бухгалтерлік немесе тауарлық сараптама арқылы даулауға құқылы.

10 млн теңгеден асатын шығындар, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен жабдық бойынша төлемдер – бағалау есептері, ақау актілері және жобалық-сметалық құжаттамалар негізінде анықталады.

Кәсіпкерлер төтенше жағдай жарияланған күннен бастап 180 күн ішінде өтініш бере алады. Осыдан кейін акиматтар бес жұмыс күні ішінде зардап шеккендердің тізімін жасап, онда мүлік иелері, өтемақы сомасы, қаржыландыру көздері және бизнес санаты көрсетіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар