Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы соттан оны кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Резонанс тудырған қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әкесі мен анасын, ағасы мен қарындасын өлтірді деп айыпталуда. Қайғылы оқиға 2025 жылдың соңында Жангелдин ауылында болған.
Сот жарыссөзі барысында прокурор айыпталушыны Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танып, жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді ұсынды.
"Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігі негізінде Сәрсемәлиев Сұлтан Самиголлаұлына түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын", – деді мемлекеттік айыптаушы.
Сәрсемәлиевке екі немесе одан да көп адамды өлтіру, дәрменсіз күйдегі адамды өлтіру, аса қатыгездікпен және пайдакүнемдік мақсатпен кісі өлтіру, сондай-ақ қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан қылмыс жасау айыптары тағылған.
Бұған қоса, ол ірі көлемде ұрлық пен алаяқтық жасау, мал ұрлау және құжаттарды заңсыз иелену, жасыру, жою немесе бүлдіру баптары бойынша да жауапқа тартылып жатыр.
Прокурор соттан айыпталушыдан жәбірленушілерге өтемақы қорына 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 129 750 теңге өндіруді сұрады. Сондай-ақ 2 512 128 теңге көлеміндегі процестік шығынды өтетіп, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды ұсынды.
Мемлекеттік айыптаушы жәбірленуші тараптың материалдық және моральдық залалды өтеу туралы азаматтық талаптарын да қанағаттандыруды сұрады.
Ал Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.
Тараптардың жарыссөзі аяқталғаннан кейін сотталушыға соңғы сөз беріледі. Бұдан соң сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.