Жыл соңына дейін 175 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша берген тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, елімізде бірқатар ірі теміржол жобалары іске асырылып жатыр. Мәселен "Достық – Мойынты" және "Алматы қаласының айналма жолы" жобалары аяқталу сатысында.
Келесі жылы "Мойынты – Қызылжар", "Дарбаза – Мақтаарал" жобалары аяқталады. Ал 2027 жылы "Бақты – Аягөз" жобасы іске қосылады.
"Жыл соңына дейін 175 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр. Әуе хабтарын дамыту және әуе жүктерінің көлемін арттыру мақсатында әуежай инфрақұрылымы жаңғыртылып, кедендік рәсімдер жеңілдетілуде, цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр. Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежай құрылысы басталды. Автокөлік жолдары саласында 12 мың шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған, оның 7 мың шақырым ағымдағы жылы соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр",- деді ол.